Студенттермен жағымды қарым-қатынас

Қарым-қатынас – адамдар  арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білім, білік алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты.

Психологтың студенттермен жағымды қарым-қатынас орнатудағы басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда байланысқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.

 «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та бақыт та қонбайды» -деп, Ж.Баласағұни айтқандай, адам өзінің түзу ниеті, ойы, іс-әрекеті арқылы жеңіске жетеді.

Колледж психологының студенттермен жағымды байланыс орнатуы – бұл маман еңбегінің нәтижесі. Әрбір туындаған мәселеге көмек қолын созып, оның шешімін табуға үлес қосу қандайда бір кері ықпалдың алдын алумен теңдей. Студенттің психологтан көмек сұрауы, арадағы сенімнің болуын білдіреді. Өзара түсіністік орнаған кезде ғана мәселе өз шешімін табады. Білім алушылармен қарым-қатынас орнатудың және бір тәсілі, оларды қызықтыра отырып тренинг өту.
    Тренинг топпен психологиялық жұмыс жүргізудің ыңғайлы, конструктивті, жылдам әрекет етуші формаларының бірі. Тренинг арнайы іскерлік және рөлдік ойындарды, шешімді топпен бірігіп таббудың пікірталастық әдістерін, сонымен қатар адамның бойындағы тұлғалықты қалыптастыруға бағытталған түрлі тәсілдерді қамтиды. Қатынас тренингі тренинг түрлерінің базалық бағдарламасы болып келеді.

 

Психолог: Омарова Г.