Ешимов Рахманберді Анарбайұлының 63 жасқа толған мерейлі туылған күні

20.05.2019ж. күні Жол-көлік колледжінде 40 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған ардагер ұстаз Ешимов Рахманберді Анарбайұлының 63 жасқа толған мерейлі туылған күні салтанатты түрде аталып өтті. 
Рахманберді Анарбайұлы еңбек жолын сонау 1979 жылы қарапайым мектеп мұғалімінен бастап, облыстағы комсомол комитетінің хатшысы, 1984 жылы Шымкент автомеханикалық техникумында оқытушы, қоғамдық-гуманитарлық, дене және әскери патриоттық тәрбиелеу циклдік комиссиясының төрағасы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ұлағатты ұстаз аталмыш білім ордасында шәкірт тәрбиелеу ісімен қатар қоғамдық және шығармашылық жұмыстарды да қатар атқара жүріп, талай буын шәкірттерді тәрбиелеп ұшырды. Іргесі 1971 жылы қаланған, бүгінгі таңда Жол-көлік колледжі атауымен облыстағы таңдаулы техникалық оқу орындарының біріне айналып отырған білім ордасында оқытушылық және циклдік комиссия төрағасы қызметтерімен қоса, оқытушылар мен қызметкерлер кәсіподақ ұйымының төрағасы және «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық «Тәуелсіздік» бастауыш партия ұйымының төрағасының орынбасары қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді.
Бүгінгі таңда Рахманберді Анарбайұлы ғылыми-шығармашылық және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектері еленіп, көптеген республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды. Ауыз толтырып айтар болсақ, Рахманберді Анарбайұлы Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті Қызметкері», «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген Құрметті Қызметкер», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» Төс белгілерінің, ҚР Президентінің «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, ҚР ОҚО Мәслихатының Құрмет грамотасы, ҚР ОҚО әкімінің Алғыс хаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ, ОҚО Әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған.
Қырық жыл бойы толассыз ұстаздық қызмет атқарған абыройлы ардагер ұстаз бүгінде өз ұжымдастарының сый-құрметіне және ыстық ықыласына бөленген жан. 
Құрметті Рахманберді Анарбайұлы!
Сізді, ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер асқаралы 63 жас – мерейтойымен құттықтай отырып, өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға деп білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат Сізді зор құрметке бөледі. Сіздің жаныңыз жомарт, қамқор да талапшыл аяулы аға ретіндегі абзал қасиеттеріңіз тәнті етпей қоймайды. Өмірлік еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі Өзіңіз, отбасыңыз үшін ғана емес, қатар жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ бала-шағаңыз үшін де нағыз өмір мектебі екендігі даусыз. 
Қадірлі аға! Сізге осындай мерейлі күні шын көңілден мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз.
Жол-көлік колледжінің ұжымы

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған