29.09.2023ж. күні Жол-көлік колледжінде ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыста колледжіміздің директоры Г. Искакова сөз алып 1 курс білім алушыларының ата-аналарын құттықтап, 2023-2024 жаңа оқу жылына қойылатын талаптар, мақсаты мен міндеттерін, оқу тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері жайлы айтып өтті. Жалпы бала тәрбиесі назардан тыс түспейтін ең маңызды да өзекті мәселе екендігіне ерекше тоқталды.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Акмулдаев оқу процесі жайында, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Ешімов колледждің ішкі тәртіп ережесі мен сабаққа кері әсер ететін тыйым салынған заттарды алып келмеу туралы, заң алдында кәмелетке толмаған балаларға ата-ана жауапты екенін ескертіп, ата-аналарға өз балаларына жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Алинур» медициналық орталығының бөлім меңгерушісі А. Нурмашева, маман-дәрігер И.Калдарбекова, аға мейірбике А.Аширова, колледж медициналық қызметкері Қ.Нұрымбетова студенттердің медициналық сақтандыру ережелері жөнінде маңызды ақпараттар, сондай-ақ студенттердің жаңа өмір жағдайына бейімделуіне байланысты колледждің педагог-психологі Ғ.Омарова психологиялық кеңес беріп өтті.
Жиналыс қатысушылары күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша өз ой-пікірлерін білдірді. Ата-аналар тарапынан колледж әкімшілігіне бірқатар сұрақтар қойылып, керегінше жауаптар алынды. Жастардың бойына білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымына ата-аналар да өз алғыстарын білдірді.
Previous
Next